«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік  жастар саясаты туралы» Заңын жүзеге асырылуы 

 

Балқаш аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ауданда 2004 жылғы 7 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының Заңын жүзеге асыру бойынша бірқатар шаралар атқаруда.

Жастар саясатының негізгі бағыттары, жастардың әлеуметтік құқықтары мен кепілдіктерін мемлекеттік қолдау жөніндегі шараларды ұйымдастыру жоспары әзірленіп, бекітілген, жүзеге асыруға жауапты тұлғалар мен қаржыландыру көздері анықталған. Ауданнның барлық селолық округтерінде семинарлар өткізіліп, жастардың мәселелерін шешу жолдары және мақсатты шараларды жүргізу тәртібі туралы түсініктеме берілді.

Бөлім жұмысында алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін іскерлік пен табандылыққа басымдылық берілген.

Бөлім өз қызметінде проблемаларды шеше отырып, аудан басшылығына селолық округтерде қалыптасқан ахуал жөнінде жедел мәлімет беріп, мемлекеттік жастар саясатын жүргізу мен қалыптастыруға көмек көрсетеді.

Жастардың еркі мен құқығының қамтамасыз етілуіне, еңбек және жұмыспен қамту аясындағы кепілдіктерінің сақталуына, жан-жақты білім алуына жағдай туғызылуына ерекше көңіл бөлініп, бос уақытының тиімді өткізілуі мен отаншылдық рухта тәрбиеленуіне үлкен көңіл бөледі.

  Аудан әкімінің жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес 2009 жылдың 28 қыркүйегінде құрылған, құрамында 11 адам бар. Кеңестің ағымдағы жылға арналған жұмыс және іс-шаралар жоспары бекітілген.

Аудандағы 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтар саны 6 749, оның 1 599 оқушы жастар.

Мемлекеттік жастар саясатын жүргізуге бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын ұлғайып келеді, 2011 жылы бұл салаға 1 млн 410 мың теңге бөлінген. 

Жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендету жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі, кәсіптік және қайта даярлықтан өткен, біліктілігін көтерген жастар арасында жұмыспен қамтылмағандар саны жыл сайын өсіп келеді.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарларламалар органдарында жыл басынан бері 16-29 жас аралығындағы 148 жас азамат есепке алынып, оның  ішінде 112-і тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар 40 жас қоғамдық жұмысқа тартылып, 4 азаматқа  әлеуметтік жұмыс орындарына жолдама берілді, 67 жас  кәсіптік даярлықтан өткен.

«Жастар тәжірибесі» бағдарламасына бөлінген қаржы көлемі 2 млн 652 мың теңге, оған тартылған жастар саны - 18.  Ал, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы 6 жас маман жұмыспен қамтылған.

2011 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасына 26 млн 204 мың теңге бөлініп, бүгінгі таңға 12 млн 383 мың теңгесі игеріліп, 13 жас маман тұрғын үймен қамтылған. 27 жас маман 105 840 теңге бір мезгілдік көтерме жәрдемақымен қамтылды.           

Тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 6 студент облыс әкімінің грантымен оқиды, бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1 млн 747 мың теңге қаржы қарастырылған.

2008-2010 жылдары жергілікті өкілді органдардың шешімімен тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан 50 студент қоғамдық  көлікте тегін тасымалданды.

Жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыруға, олардың өнегелілік-құқықтық және патриоттық тәрбиесіне зор мән беріледі. Бұл шараға ардагерлер мен үкіметтік емес ұйымдар тартылып, түрлі форумдар, семинарлар, слеттер, байқаулар мен ғылыми-практикалық конференциялар үнемі өткізіліп тұрады.

2008 жылдан бері ауданда облыстық деңгейде 3 жастар форумы, фестивальдері мен симпозиумдары, аудандық деңгейде 15 аймақтық жастар форумы өткізілді. 

2010 жылы жастардың қорытынды фестивалі Талдықорған қаласында ұйымдастырылып,  Балқаш ауданына 50 мың теңге  сыйақы берілді.

2011 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған жастар симпозиумы ауданымызда «Ұлттық салтым – халықтық қалпым» - тақырыбында өз деңгейінде өткізілді.  

Астана күніне орайластырылған салтанатты шеру 6 шілдеде аудан орталығы Бақанас ауылында «Астана-барша адамзатқа бас қала» атты тақырыпта ұйымдастырылып, оған 10 мыңнан астам аудан тұрғындары қатыстырылды.

 «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» республикалық марафон-эстафетасын жүзеге асыру шеңберінде «Жасыл жапырақ» тақырыбында акция ұйымдастырылып 15 селолық округтерде санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілді. Акцияға аудан бойынша 12 532 тұрғын қатыстырылады, оның ішінде 4 016-ы жас буын өкілдері. Шараның мақсаты ауданды жасыл-желектермен қамтамасыз ету, аудан тұрғындарын тазалыққа, экологиялық мәселелерді көтеруге тарту. Аудан көлемінде - 22 мың  түп, оның ішінде жеміс ағашы - 8500 түп, қарағаш - 7500 түп, терек - 4500 түп, басқа түрлері - 1500 түп отырғызылды.

«Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – 20 000 ағаш» акциясы аясында аудан аумағында 20 000 астам ағаш көшеттері отырғызылып, бой көтерді, оған 3 370 жас атсалысты.

Еңбекақысы «Жасыл Ел» облыстық штабы есебінен төленген «Жасыл Ел» еңбек жасақтары ұйымдастырылып келуде. Онда 2011 жылы 5 студент жастар жұмыс істеді.

Жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдары қызметкерлері және кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссиямен бірлескен «Жалпыға бірдей білім беру», «Жасөспірім», «Денсаулық» сынды түрлі шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып өткізілуде.

Аудандық «Балқаш өңірі» газетінде мемлекеттік жастар саясатын жүргізу ісі кеңінен насихатталып келеді. Жыл басынан бері мемлекеттік тапсырыспен бұқаралық ақпарат құралдарында  бүгінгі күнге дейін 32 мақала жарияланды. Жастар саясатының жүргізілуіне ақпараттық қолдау көрсету мақсатында «Жастар саясаты», «Дипломмен ауылға», «Жас маман – ауылға бас қадам» және «Жауқазын», «Ұлт болам десең, ұрпағынды ойла » - деген арнайы айдарлар ашылған.

Дегенмен де, аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жұмысында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының Заңын жүзеге асыруда өз мүмкіндіктері мен әлеуетін толықтай пайдаланбай отыр.

Ауыл әкімдіктері жанындағы жастар кеңесінің жұмысына жеткілікті көңіл бөлінбейді. Өткен жылғы және үстіміздегі жылдың есептік кезеңінде ауылдарда жастармен жұмысты жақсарту жөнінде бірде-бір ұсыныс түспеген.

2011 жылдың 8 айында мектеп оқушылары мен студенттер арасындағы құқық бұзушылық саны – 83. Оның ішінде әкімшілік құқық бұзушылық – 80, қылмыстық құқық бұзушылық – 3 (1-уі ұрлық, 2-уі қоғамдық орындағы жанжал).

Ауылдық жерлерде жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру жұмыстарының деңгейі төмен. Жұмыс істеп тұрған мәдениет ошақтарының жұмысы жастардың қызығушылығын, талабын толық қанағаттандырмайды.