Қазақстан Республикасы Президентінің елге жолдауы 2011 жылғы
Қадірлі отандастар!
Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері!
Ханымдар мен мырзалар!
Биыл – біз үшін ерекше қастерлі жыл.
Біз ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына қадам бастық.
Бодан жұртты бүгінгідей бостан күнге жеткізген бұл жолда біз биік белестерді бағындырдық.
Естеріңізде болар, 1997 жылғы халыққа алғашқы Жолдауымда мен былай деген едім:
«2030 жылы біздің ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдік оқиғалардың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмір сүретін болады».
Осы сөздерге кезінде күмән келтіргендер аз болған жоқ.
Дегенмен, діттеген бұл межеге біз 33 жылда емес, бір мүшел жаста ғана жеттік!
Күні кеше Астанада 56 елдің басшылары мен халықаралық ұйым өкілдерінің басын қосқан Саммит – соның айшықты айғағы.
Жұлдызымызды жарқырата түскен бұл мерейлі белестен бұрын да біз біршама биіктерді бағындырдық. Біз талайлы заманда тарыдай шашылып кеткен қандастарын атамекенге жинаған әлемдегі үш елдің бірі болдық.
Осы жылдары шет елдерден 800 мыңнан астам отандасымыз келіп, халық саны бір жарым миллионға артты.
Біз Сарыарқаның сайын даласына сәулеті мен дәулеті келіскен Астана салдық.
Есілдің жағасына серпінді дамуымыздың символы болған еңселі Елорда қондырдық.
Халқы тату-тәтті, саясаты сарабдал елдің ғана қазынасы қыруар, болашағы баянды болады
Қазақстанның халықаралық резерві бүгінде 60 миллиард долларға жуық қаржыны құрайды.
Ырыс – ынтымаққа жолығады, дәулет – бірлікпен толығады.
Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасына 120 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды.
Сонымен қатар біз әлемнің 126 еліне 200-ден астам өнім түрін шығарамыз.
Бүгінде ұлттық дәулетіміздің үштен бір бөлігі шағын және орта бизнестен құралады.
Ауыл шаруашылығы саласы да дамып келеді.
Жалпы ішкі өнім өсімі 2010 жылы 7 пайыз, өнеркәсіп өндірісі – 10 пайыз, өңдеу өнеркәсібі 19 пайыз мөлшерді құрады.Орташа айлық жалақы 2007 жылғы 53 мыңнан 2010 жылы 80 мың теңгеге дейін артты.
Ұлттық әл-ауқат деңгейі жөнінен әлем мемлекеттерінің рейтингінде Қазақстан өткен жылы 26 сатыға ілгерілеп, 110 ел арасынан 50-ші орынға көтерілді.
Біздегі орташа айлық жалақы 5 жарым есеге, зейнетақының орташа көлемі 4 есеге көбейді.
Біз дүниені дүрбелеңге салған дағдарыстан демікпей шығып, дамудың даңғыл жолына батыл бет бұрдық.
Алдымызға ұланғайыр мақсаттар қойдық және оларға қысқа мерзімде қол жеткіздік.
Тәуелсіздік жылдарында 500-ге жуық жаңа денсаулық сақтау нысандары салынды.
Медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсарды.
Еліміз білім беру ісін дамытуда 129 елдің арасында көш бастаушылар қатарында келеді.
Өткен онжылдықта білімге бөлінетін қаражат 10 есеге көбейді.
Осы жылдары 750 жаңа мектеп салынды.
Сонымен қатар, 5 302 мектепке дейінгі мекемелер, 1 117 балабақша мен 4 185 орталық ашылды.
Астанада ғылым мен білім индустриясының жаңа ғасырдағы орталығы болатын университет ашылды.
Біз осылайша аз жылда алапасы артқан айдынды елге, қуатты ұлтқа айналдық.
Осының бәрі жұртымызды жаһандық ауқымда ойлауға баулу мақсатында жасалуда.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК ГЕРБI, елтаңба — Қазақстан Республикасының негiзгi мемлекеттiк рәмiздерiнiң бiрi. ҚР Президентiнiң “Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы” конституц. заң күшi бар Жарлығымен (04.06.2007) белгiленген. Рәмiздiк тұрғыдан ҚР мемл. гербiнiң негiзi — шаңырақ. Ол — гербтiң жүрегi. Шаңырақ — мемлекеттiң түп-негiзi — отбасының бейнесi. Шаңырақ — Күн шеңберi. Айналған Күн шеңберiнiң қозғалыстағы суретi iспеттi, Шаңырақ — киiз үйдiң күмбезi көшпелi түркiлер үшiн үйдiң, ошақтың, отбасының бейнесi. Тұлпар — дала дүлдiлi, ер-азаматтың сәйгүлiгi, желдей ескен жүйрiк аты, жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi. Қанатты тұлпар — қазақ поэзиясындағы кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпi. Қанатты тұлпар Уақыт пен Кеңiстiктi бiрiктiредi. Ол өлмес өмiрдiң бейнесi. Бiр шаңырақтың астында тату-тәттi өмiр сүретiн Қазақстан халқының өсiп-өркендеуiн, рухани байлығын, сан сырлы, алуан қырлы бет-бейнесiн паш етедi. Бес бұрышты жұлдыз гербтiң тәжi iспеттi. Әрбiр адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар. Қ. р. м. г-нiң авторлары — Ж.Мәлiбеков пен Ш.Уәлиханов.
Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев
Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңкымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!
Сөзінің авторы Жұмекен Нажимеденов, Нұрсұлтан Назарбаев, 1956, 2005
Сазгер Шәмші Калдаяков, 1956
Бекітілген күні 6 қаңтар 2006